Су қыспақты мұнара
Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Дерментөбе теміржол стансасы
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 23.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Су қыспақты мұнара,
1902 жыл
Тарих және мәдениет ескерткіштің бір түрі мұнаралар сәлет өнер тындысының ерекше бір үлгісі болып табылады. Сәулет өнерінде мұнаралардың алғашқы формасы қашан, қай уақытта салынғандығы белгісіз. Сонымен қатар, мұнаралар туралы ежелгі жазбаларда көптеп айтылады. Әлемнің жеті кереметінің біріне саналатын Александрия шамшырағының мұнарасы ежелгі дәуірлерде – ақ өзінің ерекше құрылысымен тарихта қалса, кейін Вавилон мұнарасы да көркемдік келбетімен тарих қойнауынан орын алды. Ежелгі сәулет өнерінде мұнаралардың көрініс табуы - грек аңыздары мен әр халықтардың ауыз әдебиеттерінде және жазба әдебиеттерде де көрініс тауып отырды. Мұның өзі мұнаралар тарихының тереңдігін көрсетсе керек. Әлемдік тәжірибиеде мұнаралардың типтік жүйесі ертеден қалыптасты. Мұнара әртүрлі мақсаттарға салынды.
Қай кезеңде болмасын мұнаралар тек жақсы мақсаттарға тұрғызылған. Мұнаралар азаматтық, әскери және табынушылық бағытта салынған сәулеттік құрылыс болып табылады. Сонымен қатар мұнаралар қалаларда төбеден бақылау мақсатында яғни өрттің алдын алу, вокзалдарда, әскери комиссарияттарда, су айдау жүйесінде, ортағасырларды обсервоторияларда аспан әлемін бақылау сияқты қызметтер атқарып отырған.
ХХ ғасырдың басында бумен жүретін паровоздарды сумен қамтамассыз ету үшін салынған мұнаралар. Кейін халықты ауыз сумен қамтамассыз ету мақсатында пайдаланылып келе жатқан мұнаралар. ХХ ғасырдың басында Орынбор – Ташкент темір жолын салудағы кешендік ғимараттарға жатады. Сыр бойында осындай 38 су қыспақты мұнара тұрғызылған. Қазіргі таңда бұлардың көбісі жұмыс жасап тұр. Сәулеттік үлгілері көпқырлы әр түрлі үлгіде салынған. Ресей сәулеттік үлгісінде салынған су қыспақты мұнаралар биіктігіне қарай, сыйымдылығына қарай да бөліп қарастыруға болады. Сыр бойындағы су қыспақты мұнаралар сәулеттік келбеті жағынан бір – бірінен ерекшеленгенімен негізгі құрылыстық формасы ұқсас келеді. Сыр бойы су қыспақты мұнараларының жоғарғы қабатында су сақтайтын орын болса, төменгі қабаты күйдірілген тікбұрыш форматты айшықталып қаланған қыштар ал, жоғарғы қабаты ағаштан салынған болып келеді. Негізгі биіктіктері 15-28 метрді құрайды. Кейбір мұнаралардың жоғарғы маңдайшалы бөлігінде терезелер орналастырылған. Терезелердегі ұқсастықтар аркалы немесе ниша тәріздес болып келеді.
Су қыспақты мұнара Орынбор-Ташкент темір жолында орналасқан Дерментөбе стансасының теміржол вокзалының кешеніне кіреді, вокзал ғимаратынан бөлек орналасқан. Мұнара тікбұрышты келген күйдірілген кірпіштен салынған, цементті-құмдақты сылақпен сыланған, жалпы биіктігі-17,5 м, диаметрі-6,8 м, қабырғаларының қалыңдығы-0,9 м. Ол сегіз жақты екі сатылы: төменгі сатысы кірпіштен қаланған, жоғарғысы ағаштан жасалған. Кірпіштен салынған сатыда кіреберіс ойығы (шығысқа бағытталған) және үш терезе бар. Кіреберіс есігі, терезе ойықтары жарты циркульды сипаттағы аркамен көмкерілген және ағаш есігі бар. Терезе ойықтарының үстінен сандриктер салынған. Терезенің ағаш бөлігі жоғарыда, шатыр астында орналасқан. Шығыс шеттің төменгі жағында терезе бар. Мұнараның төбесі темір шатырмен жабылған және сегізжақты фонарьмен жалғасады. Мұнара ішінде, кіреберістен солға қарай баспалдақ салынған, ол екінші сатыға, яғни су сақтайтын жерге апарады. Ғимарат-«кірпішті стиль» нұсқасының бірі болып табылады. Ескерткішті 1986 жылы «Қазжобақалпынакелтіру» институтының экспедициясы зерттеген.