Түмен әулие кесенесі
Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 шақырым, Қаракеткен теміржол стансасынан оңтүстік - батысқа қарай 7 шақырым
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Түмен әулие кесенесі,
ХІХ ғасыр
Орналасқан жері:
Мөрәлі Шәменов ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 шақырым, Қаракеткен теміржол стансасынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Түмен әулиенің кесенесі 1876 жылы салынған. 2008 жылы жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына енгізіліп, 2011 жылы республикалық бюджеттен қайта қалпына келтірілді.
Қысқаша анықтамасы:
Түмен әулие кесенесі Сыр бойында тұратын қазақтардың «үйтам» үлгісі бойынша қам кесектен қаланған бір камералы, порталды- күмбезді құрылыс. Кесене есігін оңтүстік-батысқа қаратып, арка тәрізді үшбұрышты етіп, иіп қалаған.
Кесене ХІХ ғасырдың қорым аумағында орналасқан. Ескерткіш аршылмаған кірпіштен салынған. Кесене бір бөлімді, орталықтас, күмбезі жойылған. Жоспарда төрткүл, 8,5х8,5м үлкен өлшемді, негізгі өлшемі күмбезбен қайта жабылған. Жоспарда жерлеу бөлмесінің өлшемдері 6,5х6,5м, биіктігі 1,7м. Бөлменің негізінің төрткүлдігінен күмбездің шеңберіне өту бөлменің бұрыштарынан құрылыстардың сүйірлене құлауы арқылы жүзеге асырылған. Бөлме қабырғалары күмбездің негізіне дейін сыланған және оларға суреттер салынған. Бөлменің ішінде дүниенің төрт бұрышында орналасқан 65х85м өлшемді сүйір пішінді ойықшалар бар. Жерлеу іздері байқалмады. 2011 жылы ескерткіш түгелдей қайта жөндеуден өтті. Жойылған күмбезі (жалпы биіктігі қабырғамен қоса 6м), портал (биіктігі 3м), жерлеу бөлмесінің ішкі қабырғаларының жазбалары және 7 қорым үстіндегі қабір құрылысы түгелдей қалпына келтірілді. Жаңа есік орнатылды. Кесененің барлық қалған сәулеткерлік бөлшектері мен зері заманиуи материалдардан жасалды. Қабірдің шығыс жағынан жаңа Түмен әулие мешіті салынды.
Аңыз-әңгіме:
Түмен әулие ХІХ ғасырдың бірінші жартысында (1821-1875) жылдар шамасында Қаракеткен, Амангелді ауылдық кеңестері қамтуындағы (қазіргі М. Шөменов ауыл округі) елді мекенде туып өскен. Табын тайпасындағы Мөңке аталығындағы Жәукемнің Шуаш деген немересінен Ақжігіт, Қаражігіт деген екі бала болған. Қаражігіттен Бейбіт, Түмен, Түрке туады. Түменнің шешесі жеті өлікке жан берген Мүсірәлі софы әзиздің баласы Қосым қожаның қызы. Өзі туып өскен жерде небәрі 54 жыл ғана өмір сүрген. Түмен әулиенің мазары Шәменов ауылының Кеңтүбек деген жерінде.
Бала Түменге әруақ 12 жасында бір жола қоныпты. Үйіне отындық сексеуіл шауып әкеле жатқанда күтпеген жерден ақ киімді ақсақал шал пайда болып: «Ей, балам, үйіне барғасын малыңның ішіндегі ақ қарабас қойды сойдырып, ауыл-аймағыңды шақырт, батамды беремін» депті. «Сізбен қалай кездесемін» деген балаға, «құдайы жасағанда бірге болармын» депті де көзден ғайып болыпты. Бейтаныс адамның тапсырмасын бұлжытпай айтып келген баласына қуанған әкесі қорасындағы ақ қарабас қойын сойғызып, ауыл-аймағына құдайысын таратыпты.
Бір күні Түмен таң алдындағы тәтті ұйқыда жатып, бірде өзі өңінде кездестірген ақ сақалды шалды тағы көреді. «Балам, менің беретін мына үш нәрсеме еге бол: біріншісі - ақ түсті кітабымды ал, асқан емші боларсың, алдыңа келген сырқат айықпай кетпес, екіншісі - мына бір кесе суды ішіп жібер, атағың аяқ жетер жерге тарайтын көріпкел әулие боларсың, үшіншісі – мына қобызымды иелен, бір демеушің осы болар, қажетті жерінде, күңірене тартылған қыл қобыздың үні шыққанда қасыңнан табылармын» деп батасын беріпті. Көзіне көрініп, түсіне аян беріп жүрген кісі – Қайып ата әулие екен. Мазараты Шынар көлінің батыс жағалауында, бұрын Иіркөл болған бұл көл қазірде Бұқарбай батырдың бәйбішесі Шынардың есімімен аталып келеді. Қайып атаның батасымен қаруланған бала Түмен иығына дорбасын іліп, жаздай төбелерден, дарияның жағалауынан, жабайы ормандар мен сексеуілді тоғайлардан сонау Қарақұм алқаптары мен кең дала Нұралықтан әр түрлі шөптерді жинай бастайды. Жабайы шөптердің маусымдық мезгіліне қарай жер астындағысы мен жер бетіндегісін бөлек-бөлек алып сақтайды. Сөйтіп келешегінде алуан түрлі шөптерден дәрі жасап, олардың емдік қасиеттерін білген.
Олардың әрқайсысының адам жанына дәрусіз еместігін ісімен дәлелдеген. Ең аржағы бос ұстасаң қолыңды қип түсетін қамыстың борығынан, басындағы үкісінен, сары, қызылмиядан, жусанның алуан түрлерінен, жалбыз шайынан, жиденің қабығы мен мәуесінен, адыраспан мен көк шеңгелдің гүлінен, жантақтың сөгінен тағы да басқа сілтілі өсімдік түрлерінен қайталанбас дәрілер жасай білген. Күнделікті қорек етіп жүрген жүгері, арпа, сұлы дақылдарымен асқа пайдаланатын тұздың да, асқабақ, қарбыздың да емдік қасиетін тауып науқастарға қажетіне қарай қолдана білген.
Сол сияқты қолда жүрген төрт түлік малдан бастап, жабайы аң-құстардың бойында да адам ағзасына пайдалы, денсаулығын күшейтетін емдік қасиеттерінің барлығын анықтаған. Оларды өзінің дәрігерлік қызметінде науқастардың сырқатына қарай мұқият қолданып отырған.
Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда Түмен әулие емшілігіне қоса асқан қобызшы-күйші де болған. Өз заманында шығарған көптеген күйлері де болған. Ол кісінің күйлерінің үні қазіргі күйлерден өзгеше, зарлы да мұңды, сиқырлы да үнді болыпты.
Әулиенің қобызын кейін немересі Муса бақсы тартатын болған. Өткен ғасырдың 70 жылдары атақты қобыз Алматыға, орталық мұражайға алынады. Кейіннен киелі қобыз Өмірбек Мөрәліұлы Шөменовтың араласуымен ауылға қайтып оралды. Қазір Муса бақсының баласы, Түмен әулиенің шырақшысы Қостайдың үйінде бойтұмардай сақтаулы тұр.
Әулиенің жолын қуған Тоғыс атаның баласы Шәнті ақсақал өмірден өткенше халық емшілігімен айналысты. Ол кісіден ем қабылдағандар қазірде де сол ауылда өмір сүріп жатыр.
Түмен әулие пышақты да, сонымен қатар отқа салынып қызыл шоқтай жанып тұратын темір істікті де бірдей пайдаланған. Қауіпті ісіктер мен жараларды, тағы басқа жарақат түрлерін осы екі құралмен емдеген. Ал сынықтардың қандай түрі болса да қолымен алғаш сипағанда-ақ орын орындарына түсе береді екен. Өзі өмір сүрген кезінде Түменнің даңқы көп жерлерге жайылған көрінеді.
Күздің соңы, қыстың басталуы болса керек, Қарақалпақ жеріне жақын Аралға құятын Қарадарияның бойынан ауыр науқастанған жас келіншек Түмен әулиеге көрінуге келе жатады. Сырдариядан сең жүріп жатқан кез екен. Үйінде отырып өзіне келе жатқан науқастың қатты абыржитынын сезіп алдын-ала қызметшілеріне айтып ескертеді. Жолаушылар сеңнің ұстасуын күтіп, қосын тігіп екі күн жатады. Сең тоқтамайды. Келіншектің науқастығының үстінен екі қабаттығы тағы бар екен, толғағы қысып, онан сайын әбігерленеді. Бұл абыржушылыққа үйінде отырып шыдамаған Түмен әулие, қос шанақты қара қобызын сарнатып тартып-тартып жіберіп, жайлаушы қызметшілеріне: «тез барып, қарсы алып, жылы үйге орналастырыңдар» депті. Сонда арғы беттен бергі бетке қалай өткенін қостағы үш адам сезбей де қалыпты.
Қиындығы мен қуанышы қатар жүрген жылдардың бірінде Ақмешіт уезінің әкімі әулиені өзіне шақыртып, арнаулы адам жіберіпті. Бұл кезде Түмен әулие елде жоқ екен. Алыс сапардан келгеннен кейін 45-50 үйлерден тұратын «емханадағы» ауру сырқауларын аралап, жазылғандарын еліне қайтарып, әлде де жататындарына дәрілерін жаңалап беріп, бірнеше күннен кейін Ақмешіт шаһарына аттанады. Жылы шырайлы әкімнің қабылдауында болып, бір-біріне түсіністікпен қарайды. Сөз арасында әкім: «Менің дінім бөлек қой, бірақ сиынар құдайымыз біреу емес пе? Он алтыға толған қызым есінен айырылып, айықпас ауруға шалдықты. Атыңызды, даңқыңызды алыстан естігесін Сізбен дидарласып, осы жайымды сөзбе-сөз, көзбе-көз жеткізу еді мақсатым, өзім бармай шақырғаныма айып етпеңіз» деп тілмаш арқылы жүректегі сөзін айтыпты. Үлкен әкім болғанымен тағдырлық тауқыметке көнбейтін пенде жоқ қой, қызы үшін бәйек болғанына риза болған Түмен әулие: «құдайымыз бір дедің-ау, мен де сиынып көрейін жеті тәулік күн керек» депті. Бұл сөзге риза болған әкім қуана келісіпті. Күрделі дәрілердің емін пайдаланып, қыл қобыздың сиқырлы үніне, оның құдіретіне еліктеген қыз айтулы мерзімде құлан-таза жазылып, қатарларына кәміл араласып кетіпті. Қазақ емшісінің құдіретті де қарапайым емдеу тәсілдеріне тәнті болған уезд әкімі көріпкелдігіне де шек келтірмеген көрінеді. Қолдан келер сый-сияпатын жасап еліне аттандырыпты. Ата-анасының келісіміне сүйенген сол қыз, Ақмешіт шаһарындағы қазақтың бір жігітіне тұрмысқа шығыпты. Олардың ұрпақтары қазан төңкерісіне дейін әулие ұрпақтарымен жиі қатынаста болып келіпті.
Бірде құрдасы Тоғанас Түменге әзілдеп: «Сыртта бір күде пішенім қалды. Мал жеп қояр емес. Әулиелігіңді көрсетсейші» десе керек. «Мақұл, пішеніңе ешкім тиіспес» дейді де қояды. Құрдасына сенімсіздік танытқан күдесіне келсе екі аққудың айнала ұшып өткенін көреді. Содан бастап маңдайында мал жүрсе де әлгі күдеге тиіспепті. Құрдасының кереметіне тәнті болған Тоғанас Түмен әулиенің алдын кесе өтпей, артық әзіл айтпайтын болған екен.
Бірде жылы Арқадан қастарында 4-5 жасар баласы бар ерлі-зайыптылар Түмен әулиенің отбасына келіпті. Қонақтар жайласып, жөн сұрасса осыдан 5-6 жыл бұрын әулие қонақтаған үйдің сыртына келіп, бұл әйел ешкімге білдірмей түнесе керек. Көп жыл бала көтермей жүрген келіншектің іргеде жатқанын сезген көріпкел шам жақтырып, қамшысын беріп, таң атқанша бастарыңа жастап жатыңдар депті, сол оқиғадан кейін балалы болып, есімін Түменберген қойған екен. Мұны естіген емші: «артықтау кеткен екенсіңдер, баланың аты Аллаберген болсын» деп батасын беріпті.
Ауыздан ауызға аңыз болып жеткен әулие кереметтерін бір әңгімеге тізе беру де мүмкін емес. Түмен әулиенің асқан ерекше оқуы да болмапты. Оқуы аз болса да емшілігі мен көріпкелдігі ерекше қасиетке ие болған. Түмен ата әруағына сыйынушылар қазірде де толастар емес. Қиналған дертіне шипа іздегендер әрбір жұма сайын мазар басындағы арнаулы үйге түнейді. Дертіне шипа тауып, әулиенің қамқорлығына ие болған жандар қаншама десеңізші. Түмен әулиенің ұрпақтары Жалағаш ауданында тұрады. Әулиенің төртінші ұрпағы Қостай Муса ұлы әулие мазарында шырақшы.