Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басы, Ғанибай үйі
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, № 7 мектептің ауласы
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.07.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Ғимаратты шамамен 1869 жылы Ғани Хусайынов күйдірілген кірпіштен салған.Ғани Хусайыновтың саудасы жүріп, шаруасы нығайып, Ғанибай атанып кетеді. Бұхарадан, Хиуа мен Қоқаннан Ресейге өтетін саудагерлер жолай Ғанибайдың үйіне тоқтап, түйесін шөгеріп, аттарын суытып отырған. Ғанибай оларға қолайлы жағдай жасаған. Сондықтан да бұл үй Ғанибайдың керуен сарайы деп аталып кеткен.
1847 жылы Орынбор әскери губернаторы В.А.Обручев қазақ халқы мен Орта Азияда орыс ықпалын тарату үшін Сырдарияның төменгі саласындағы Райым шатқалынан №1 бекіністі салдырды. 1853 жылы В.А.Перовский №1 фортты Қазалы шатқалында салуға бұйрық берді. Яғни, Қазалы қаласының іргетасы осы жылдан қаланды. Қаланың бас жоспары жасалды. 1867 жылы Түркістан генерал–губернаторлығы құрылып, Қазалы қаласының №1 форт атауы өзгеріп, Сырдария облысының уездік Қазалы қаласы болып, осы генерал-губернаторлықтың құрамына кірді. Уезге Арал, Қазалы, Қармақшы аймағы бағындырылды. Қазалы қаласы уезд орталығы болғаннан кейін, мұнда сырттан көшіп келушілер көбейді. Себебі, Қазалы өңірі Сыр өзенінің бойында орналасқан көлі мен балығы көп, бір жағы Қызылқұм, бір жағы Қарақұм, солтүстігінде Арал теңізі, байлығы мол жер еді. Осыны жақсы түсінген, байлыққа қызыққан орыс, еврей, Бұхар, Хиуа саудагерлері Қазалыға біржола көшті. Алғашқы орыс саудагерлері Деев және Путаловтар болатын. Содан соң Қазан татары ағайынды Ахмет және Ғани Ғалиұлы Хусайыновтар келді. Бұлар мал, егін өсіріп, арақ-шарап, сыра және басқа тағамдар сатып, сауданы барынша өрістетті. Ол өз қаражатына Қазалыға керуен сарайын салдырады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Ғанибай шетелдіктермен де сауда жасаған. Тіпті, Еуропадағы Германия мемлекетіне тері, жүн жіберіп тұрған деген ауызша деректер бар.
Ғанибайдың үйіне (керуен сарайы) 1937 жылы Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауылшаруашылығы техникумы орналастырылды. Техникум 1971 жылға дейін жұмыс істеді. Аталған техникум 1971 жылы Сырдария ауданына көшірілді.
Сипаттамасы: «П» әрпі тәріздес үйдің солтүстікке қараған алдыңғы бетінде арба, мал кіруге ыңғайлы кең дарбазасы бар. Дарбазаның үстіңгі қабатына көлеңкелеп отырып қонақтар демалатын жай салынған. Кірпіштің қалануы, астыңғы және үстіңгі жағындағы өрнектер сәулет өнерінің бірегей үлгісі іспеттес. Ғимаратқа 2014 жылы республикалық бюджет тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Ғимарат «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.