Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы Ғанибай мешіті (қазіргі қалалық кітапхана)
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, Шляпин көшесі, 17
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.07.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Бұл мешіттің құрылысын 1887 жылы Қазаннан келген көпес Ғанибай өз қаржысымен бастады. Құрылыс тоқтап қалып, кейін халықтың күшімен 1894 жылы аяқталған. Ғимарат тіктөртбұрышты күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Жоспарындағы аумақтық өлшемдері – 27х14 м, минаретінің биіктігі – 21 м. Ғимарат жоспарында тіктөртбұрышты, бір қабатты, солтүстік жағында минарет жасалған, ал солтүстік-шығысында айван орналасқан. Ғимарат аумағы қабырға арқылы екі бөлмеге – намаз оқитын залға және вестибюльге бөлінген. Шатыры жабын қаңылтырымен жабылған, едендері ағаштантөселген, қабырғалары сыланып, әктелген. Ғимараттың архитектурасы «кірпіш стилінің» ең бір жақсы дәстүрінде шешімін тапқан. Қасбеттері әртүрлі қуыстар түрінде ерекше көркем өңделген жауырыншылармен сомдалған, аралық және көмкеруші ернеулер кірпішті «тістермен» әсемделген. Минареттің негізгі аумағы сегіз қырлы болып орындалған,қабырғалары филенкалармен жетілдірілген, осы аумақтың үстінде орналасқан күмбездеуші бөлігі аркалары мен ойықтары бар цилиндрлі, ал жабын қаңылтырының «қабыршықты» тіліктерімен жабылған сүмбілі күмбезшелерден ернеу арқылы бөлінген. Мешіт архитертурасы – Қазалы қаласындағы өзіндік ерекшелігі бар мешіттердің бірі болып табылады. 1900 жылдың 2 желтоқсанында ескі Қазалы қаласында Сыр бойындағы ең алғашқы кітапхана оқырмандарға есігін айқара ашып, кітапхана осы ғимаратқа орналастырылады. Сөйтіп, алғашқы жылы 437 дана кітап қорымен тұрақты 113 оқырманы болған Қазалы кітапханасы өз оқырмандарын қабылдайды. Осы орайда, Ресейден жер аударылып, қазақ даласында жүрген орыстың социал-демократтары кітапханаға қызығушылық танытады. Кітапхана қорына қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйымдасып ойын-сауық қоюына, одан түскен қаржыға кітаптар сатып алуына мұрындық болады. Кітапхананың қазақ халқы үшін таптырмас білім көзі екенін түсінген қазақ зиялылары кітапхана қорын толықтыруға өзіндік үлестерін қоса бастайды. Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шаньский де Қазалы қаласында болып, кітапхана жұмысын жақсарту туралы кітапханашыларға ақыл-кеңес беріп, өзінің жеке кітапханасынан 200-дей кітапты қолтаңбасымен сыйға тартқан. Тарихи маңызы бар бұл нысанды «Казпроектреставрация» институты 1980 жылы есепке алып, тарихи- мәдени ескерткіш ретінде құжаттарын дайындаған. Айта кетейік, көне архитектуралық нысан 1930 жылға дейін мешіт, кейін оқушылар үй болып жұмыс істеді.1949 жылы Қазалы қалалық кітапхана осында көшіріліп, 2019 жылға дейін халыққа қызмет көрсетті. Кейіннен бұл кітапхана 50 мың томдық және ғасырлық тарихы бар облыстыңең бай кітапханасына айналды. Республикалық санаттағы ескерткіш Ғанибай мешітіне 2000-2001, 2013 жылдары қайтажаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда бұл ғимарат Қазалы қаласы жастарының дамуы мен жаңа бағыты үшін «Жастар үйі» болып жұмыс жасауда.
Сипаттамасы: Ғимарат жоспарында тікбұрышты, бір қабатты, солтүстік жағынан минарет жалғанған, ал солтүстік-шығысында айван орналасқан. Ғимарат аумағы қабырға арқылы екі болмеге намаз оқитын залға және вестибюльге бөлінген. Шатыры жабын қаңылтырмен жабылған. Едендері ағаштан жасалған, қабырғалары сыланып, әктелген. Ескерткіш тіктөртбұрышты күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған, жоспарындағы аумақтық өлшемдері 27,0х14,0 м, минареттің биіктігі 21 м. Ғимарат «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.