Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, депутаттар кеңесінің ғимараты, қазіргі – Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музей ғимараты,ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, Қорқыт ата көшесі, 24
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.07.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Ғимаратты ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс саудагері салдырған. Негізінен құрылыс материалы ретінде ағаш бөренелер пайдаланылған. Ғимараттың жер асты бөлмелерін тауар сақтайтын қойма ретінде пайдаланған. Ғани Мұратбаев (3.06. 1902, Қазалы ауданы – 15.04. 1925, Мәскеу) – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс – қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін (1910 – 1918), Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын (1919-1920), Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін (1920-1921) бітірген. 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. 1922 – 1924 жылдары РКЖО-ның 5-съезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1924 – 25 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4 конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. Мұратбаев Хорезм республикасының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Қазалы қаласында мемориалдық мұражайы ашылды. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.
Сипаттамасы: Орта Азия мен Қазақстанда жастар ұйымын талантты ұйымдастырушыларының бірі, көрнекті қоғам қайраткері, өз заманының патриоты, Қазалы топырағының даңқты перзенті Ғани Мұратбаевтың революциялық-мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен қоғамдық негізде ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілген.
Музей Қазалы қалалық кітапханада 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды. Бұл мүйісті ұйымдастыруға ұстаздар М.Жанұзақов,Б.Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов, Ж.Төлеповалар атсалысты. Ғаниға қатысты көптеген құжаттар мен суреттер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Теңел Жұмабаев арқылы алынды. 1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 30.04.1981 жылғы және Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 19.06.1981 жылғы №107-ші бұйрығына сәйкес өз алдына отау құрды. 1981-1984 және 1991-1992 жылдары қосымша құрылыстар, 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2001, 2002, 2008 жылдары музей залдарына реэкспозициялық жұмыстар жасалды. Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100, 110 жылдық, музейдің 30, 40 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтті. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды. Музей қызметкерлері Ғани Мұратбаевтың 105 жылдық мерейтойы қарсаңында ол туралы жазылған өлеңдер мен поэма-толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын!», 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихынан «Ғани тағылымы», 2012 жылы Ғанидың 110 жылдық мерейтойы құрметіне «Ғани» атты жинақтарды баспадан жарыққа шығарды. Бұл кітапқа музей қорындағы Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғанидың мерейтойларынан баспасөз беттерінде жарияланған репортаждар және Ғани өмірін зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектері енді. 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2017 жылы «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» атты жинақ және әр жылдары музей туралы буклет-кітапша шығарылды. Музей жас жеткіншекті Ғани рухында тәрбиелеуге, оның жалынды өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында жұмыс жүргізуде. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, атаулы күндері іс-шаралар өткізіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттау, еңбек адамдарын дәріптеу, Батыр аналарды таныстыру, соғыс ардагерлерін құрметтеуді жас ұрпақ бойына сіңіруде жұмыстар атқарып келеді. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі жұмыс жасайды.
Экспонаттар мен музейге келушілер саны жыл сайын өсуде. 1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарына музей қоры 6624 жәдігерге жетті. 2015 жылдың ақпан айында өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер аудан орталығы – Әйтеке би кентінде ашылған аудандық өлкетану музейіне берілді. Бүгінгі таңда (01.09.2017 ж) музей қорында 3046 экспонат бар. Музейде бұл күнде жеті экспозициялық, бір көрме және «Тәуелсіз Қазақстан» залы жұмыс жасайды. Ғанидың балалық шағынан бастап өмір жолы, ақтық сапарға аттандыру шаралары осы залдарға кезең-кезеңімен орналастырылған. Сондай-ақ, музей қорында оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Сонымен бірге онымен қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да жинақталған. Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде 9 адам жұмыс жасайды, оның 4-уі шығармашылық қызметкерлер.
Ескерткіш «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.