Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы, Х-ХІ ғасырлар
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылынан шығысқа қарай 3 км.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.07.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Аңыз әңгімелері: Сараман-Қоса мұнарасының салыну тарихы туралы әртүрлі болжамдар айтылады. «Сараман-Қоса» - Сараман атты жігіт пен Қоса деген қызға, яғни ғашықтарға соғылған белгі мұнара; «Сары-Аман-Қоса» есімді ағайынды үш жігіттің тұрғызған мұнарасы; «Сарман қожа» «Сарман Көсе» т.б. деп кете береді.
Бір деректерде бұл ноғайлы (оғыз-қыпшақ) дәуірінің атақты батыры Көкшеұлы Қосайдың тұрғызған мұнарасы, тұлпарының аты Сары болғандықтан ел-жұрт қосарлап айтып Сары мен Қосай деп атаған болуы керек деп айтылады. Ертедегі батырлармен қоса олардың (Шалқұйрық, Байшұбар, Тайбурыл, Тарлан т.б.) тұлпарларының да даңқы қосарлана мадақталуы тарихи дәуірлерде туған жыр-эпостарда көп кездеседі. Бұл дегеніміз сонау сақ, ғұн, үйсін заманындағы ата-бабаларымыздың кейінгі және бүгінгі ұрпақтарына дарыған жылқықұмарлық қасиеті болса керек.
Бір аңызда Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жігіт Қосай дос болыпты. Екі дос жер көріп, ел тану үшін ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдария өтіп, Арқаға қарай жылжиды. Бір күні Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенінің жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады. Бесікте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз тойға қатысып отырған Сараманға көз қиығын тастап, бір-бірімен үнсіз ұғысып, оңашада тілдесіп, қашуға бел буады…
Қашқан үшеу аттары болдырғанша шауып, түн жүріп, күндіз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтіп Қуаңға жетіп қонады. Ертеңіне қуғыншыларды қазіргі ескерткіш тұрған төбеге жете бергенде көреді. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені, тұрақтарын білсе, әскер әкелер де екі жақ соғысар, егер осы қуған бетімен қалаға кірсе өздері шығынға ұшырар. «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзіміз болайық. Мен алдын бөгейін, Қосай қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен аман қалсам, сендерді табармын» – дейді. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер», - дейді. Бірақ Сараман көнбейді. Қыздың алты ағасы жиырма жігітімен қуғыншылардың күші басым болды. Жеті адам жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседі. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүреді. Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол», - дейді. Қыз: «өзім қара жамылдым, еліне не бетіммен барамын?!» деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күші басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді. Кірпіш бастырып, күйдіріп мұнара салдырады. (Ә. Оспанов. «Жанқожа батыр»)
Екінші бір аңызда бұл ескерткiш қос ғашық Сараман мен Қосаға қойылған делiнедi. Сараман атақты байдың жалғыз ұлы екен. Әкесi жалғыз ұлын алақанында аялап, не керек етсе, соны тауып бередi. Байда жүйрiк те, жорға да, дүние де, керек десе алтындаған ер де, күмiстеген ат әбзел де болған.Сараман байлықтың арқасында жастай ерлiк жасап, есейе келе жылқышылармен бiрге жылқы күзетiп, үйде де, түзде де болып бес аспап болып өседi. Жылқышылардан өлең-жыр, соғыс өнерiн, күрестi, найзаласу, қылыштасу әдiстерiн қызыға үйренедi. Домбыра тартып, ән салады. Өсе келе елiне сүйкiмдi сегiз қырлы азамат болады. Той-думаннан қалмай, күрессе жығып, садақ тартса алтын табақтағы жылтылдап тұрған алтын теңгенi көздеп атып түсiретiн болған.
Әкесi баласына құда түсiп қыз айттырғысы келедi. Бiрақ бала «Өзiм қалағанымды алайын, Сiз маған ренжiмеңiз», – дейдi. Жалғыз баласының айтқанын қылуға уәде бередi. Сараман жылқы күзетiнде жүргенде көршi ауылдың жылқышыларымен кездесiп, достасады. Жылқышыларды қонақ қылып, жылқыдан қалаған жүйрiк жорғасын сыйлайды. Ол ауылдың адамдарына Сараман ерекше, бөлек туған азамат болып көрiнедi.
Күндердiң күнiнде сол ауылдың жылқышы жiгiттерi Сараманға бiр сыр айтады: Бiздiң елде атақты бiр бай бар, оның он ұл, жалғыз Қоса деген сұлу, әрi ақылды қызы бар. Ол қыз да болса тап сенен айнымайды. Серiлiгi де, өткiрлiгi де өзіңнен артпаса қалыспайды. Көркi көргеннiң көзiн арбайды, сөйлесе сөзден адастырады, ерек болып ер жеткен өнерге келсе, серiлiк таластырады, осындай қыз бар дейдi. Сараман жiгiттердiң айтуымен Қосамен танысады. Ол да кейде жылқы күзетуге келетiн болады. Екеуi ойда да, тойда да тiл табысып, көңiлдерi өсiп, дәуiр сүредi. Қосаның ағалары өте қатал, қызғаншақ, сықпар-сараң адамдар болады. Сараман қанша байлығын ұсынса да, тоң мойын ағалары қызды аттастырған жерiне бермей тынбайтын сыңай бiлдiредi. Бiр күнi Сараман мұны әкесiне айтады. Әкесi барып құда түсу жайын қозғағанда Қосаны әлдеқашан бiреуге құдаласып берiп қойдық деп бет бақтырмай әкесiн құр қайтарып жiбередi. Сараманның көңiлi жабығып жүргенiн байқаған сергек сезiмдi, ақылды қыз бiр күнi Сараманға оңаша кездесуінде: «Бiз екеумiз бұдан да жиiрек кездесiп, керек десе тойларға бiрге барып, бiрге жылқы күзетiп, қызық кезеңді бастан өткiзейiк. Мен сен үшiн жаралған жанмын. Осы жолда мен атқан оқ, шапқан қылыштан да сескенбеймiн. Қайда жүр десең де сонда барамын. Мен аттастырған жерiме бармаймын. Өлгенше сенiмен бiрге ғұмыр сүремiн, мен сенi сүйемiн, сөзiмде тұрамын», – дейдi. Ақтарыла сыр ашып, сөзiн сертке балап түйiндейдi. Сараман бұған риза болып, бұлт артынан шыққан күндей жарқырап, жайнап сала бередi.
Көп ұзамай: «Бүгiн кеткелi жатырмын. Менi тез құтқарып қал» деген қыздан жылқы күзетiп жүрген Сараманға хабар жетедi.
Сараман қару-жарағын асынып, бiрден Қосаның аулына тартады. Күн батар алдында қыз да белдеудегi бiр атты мiне Сараманды көрiп шаба жөнеледi. Екеуi табысып, елге қарай қашады. Ауыл адамдары бiлiп қалып, аттанды салады. Бiраз жерге келгенде қыздың астындағы аты болдырып қалады. Сараман Қосаға қарап: – Анау төбеден ассаң арғы жағы бiздiң ел, мен жауды iрке тұрамын, маған қарама кете бер», – деген тілегін білдіреді. Қоса жаман атпен төбеге қарай кетедi. Сараман артынан келген көп адаммен жалғыз өзi садағын тартып, қаша ұрыс салады. Садақ оғы таусылып, найзамен шайқасып жүргенiнде топтың ортасына түсiп қалады.
Дәлдеп салған бiреудiң найзасы көк желкеден тиiп, жан тапсырады. Осы кезде қыз ағасының үлкенi «Қоса әне кетiп барады, жеткендерiң оны да өлтiрiңдер» деп айқай салады. Аты жүйрiгi келiп, қыздың жауырынан найзаны атады. Күн ұясына қиялап батуымен бiрге қыршын Қоса да бұл өмiрден кетедi.
Сараманның әкесi барлық жылқының құйрық жалын күзедi. Мыңдаған нарды саудырып, сүтiн астауға құйдырып, саз топырақты илетiп, жылқының күзеген жал-құйрығын қиып, араластырып, кірпiш бастырып, оны күйдiрiп, шеберлерге осы мұнараны ескерткiш етiп жалғыз баласына арнап салдырады.
Сараман-Қоса аңызы осылай аяқталады. Бұл мұнараны халық кейiн Сараман-Қоса деп атап кеткен. Сараманның арғы жағында Қоса өлген жерде де мола салынып ел жайлаған. Ол Сараманнан 3-4 шақырымдай әрi қашықтықта орналасқан.
Сипаттамасы: Мұнараның биiктiгi 11-12 метр шамасында, диаметрi 25 метр, төменгi жағы 1,5 метр - 17 кiрпiш. Iшкi жағы қам кiрпiштен (пiспеген), сыртын қыш кiрпiшпен мiнсiз етiп өрген. Қам кесектерден тұрғызылған мұнараның сырты шаршы пішінді күйдірілген кірпіштермен (24х25х5 см) қапталған. Мұнара жоспарында дөңгелек, іші қуыс, жоғары қарай тарыла түскен. Негізінің диаметрі 5 метрге жуық, биіктігі 15 м, қабырғасының қалыңдығы 1,6 м. Мұнараның төбе жағында үш қарауыл тесiгi бар, аузы оңтүстiк шығысқа қараған, екi бөлмелi, iшiнен жоғарыға айналып көтерiлетiн баспалдағы бар. Ескерткіш кесілген конус іспетті күмбезбен көмкерілген. Мұнараның діңі жоғары қарай біркелкі тарылмаған. Кіреберіс ойық алғашқы кескінін жоғалтқан. Жер бетінен басталған ол солтүстік-шығысқа бағытталған. Мұнараның іші бір-бірінің үстіне орналасқан екі күмбезді камерадан тұрады. Кіреберіс ойық астыңғы камерада орналасқан. Үстіңгі камера өзара байланысты екі деңгейге бөлінген. Оның төменгісінде (оңтүстік-батыс жағында) үшбұрышты терезе ойығы бар. Қасбетте, оның астына сөре орналасқан. Жоғарғы камераның үстінде парапетпен қоршалған алаң бар. Алаңның үстінде жабындының жоқ болғанына қарамастан парапеттің солтүстік және оңтүстік қабырғаларында бір-бірден өтпелі тесіктері бар. Мұнара Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.