Жент қалашығы, Х-ХV ғасырлар

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 37 км.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 27.07.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Тарихы: Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан ортағасырлық қала орны. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Жазба деректерінде қаланың оғыз-қыпшақ иелігінде болғанын, 1138-1152 ж.ж. қараханидтер билігінде, кейін моңғол шапқыншылығына ұшырағанымен, саудагерлер пайда табу мақсатымен келетін базары болғанын, ХІ ғасырда Арал теңізі Жент теңізі аталып, мұнда анадолы түріктерінің атасы Селжүк жерленгені айтылған. Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды. «Моңғол шапқыншылығына дейін Жент үлкен қала болатын. Қаншама зобалаңға ұшыраса да ол сауда-саттыққа қолайлы қала болып қала берді... Бұл жерде әлі күнге дейін сауда орны жұмыс істейді. Саудагерлер өз саудаларын мақтап, табысты екендеріне бәсекелеседі. Қала базарлары көл-көсір... Ол жерде ылғи да таразы басы құбылып тұрады»,-деп жазды ХІІІ ғасырдың тарихшысы Жамал Қаршы. 1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.П. Толстов Женттің негізгі орнын тапты. Ол Қызылордадан 115 км жерде орналасқан Жанқала жұрты. Жанқалада 1946-48, 1957-58 жж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала Х-ХҮ ғасырлар аралығында болған деп топшылады.

Сипаттамасы: Жентті П.И.Лерх (1870 ж.), Каллаур (1900 ж.), И.Кастанье (1910 ж.) т.б. өз еңбектерінде атағанымен, орнын нақтылай алмаған. С.П.Толстов алғаш рет 1946 жылы Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оның жасын ХІІ-ХҮІ ғ.ғ. деп тұжырымдады. Зерттеушінің пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғ.ғ. Жент Хорезм мемлекеті дүниежүзілік державаға айналу барысында тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерткіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді.

2009 және 2017 жылдары  облыстық бюджет есебінен археологиялық зерттеу жұмыстарын «Археологиялық экспертиза» ЖШС (жетекшісі Д. Воякин) жүргізді. Қазба қалашықтың солтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі  рабатта, қалашықтың солтүстігінде 150-200 м қашықтықта орналасқан бақшалық-парктік зонада, үй-жайларда  жүргізілді. Сонымен қатар, топырақ құрылымын және түрлі талдамаларды зерттеу мақсатында суармалы егіншілік жердің территориясында 3 шурф қазылды. Қазба барысында 65 жәдігер табылып, тіркеуге алынды.

Қалашық «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Асан ата кесенесі, ХVІ ғасыр
2 / 5
Молқалан (Молла-Қалан) кесенесі, ХVІ ғасыр
3 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
4 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, депутаттар кеңесінің ғимараты, қазіргі – Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музей ғимараты,ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
5 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.