Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғасырлар
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылынан оңтүстікке қарай 25 км.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 27.07.2017
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Хазар (Арал) теңізінің жағалауын Қаңлы, Кердері, Дай ұрпақтары, кейінірек түркімендер мен қарақалпақтар мекендеген. Баршын қыздың атымен аталған Баршындария Жетікөлден басталған көрінеді. Қазіргі Сырлытам ескерткіші осы Баршын қыздың құрметіне салынған-мыс. Сыр елінде екі Сырлытам бар. Бірі Қармақшы ауданында, екіншісі Сырдария ауданының Іңкәрдария ауылынан оңтүстікке қарай 25 шақырым жерде орналасқан. Көрнектірегі де осы. Сырлытам аталып кеткен Баршын қыз мазарының тарихы сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Құмтөбе басына орнатылған Сырлытамның беті шығысқа қарап тұр. Сырлытам ағашсыз салынған. Күмбездің бағаналары мен олардың арасына салынған бейнелер қазақтың ою-өрнегіне ұқсайды. Кірпіштері өте жұқа, шертсең сыңғырлап тұр. Мазардың іші мен сыртындағы бейнелер мен белгілер бұл бейіттің қызға арналған ескерткіш екенін дәлелдей түседі. Ескерткіштің маңдайшасында «Ғамал Жай лахат» деген жазу болған. Бүгінде ол жазудан жұрнақ қана қалған. Бұл мазардың құнды сәулет ескерткіші екенін жете түсінбеген кейбіреулер түрлі нақыштарды бұзып әкеткен. Күмбез жанында төрт құлақты бейіт бар. Сырлытам мазарының ішінде сегіз қабыр бар. Олар жайында: «Бәмсінің 7 қарындасы болған, сегізінші – әйелі Баршын (Бәну-шешек) болуға тиіс», - деп жазған түркітанушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев.
Салыну уақыты - XIII ғасыр. Тапсырыс берушісі және салыну тарихы белгісіз.
1960 жылы С.П. Толстовтың жетекшілік етуімен ХАЭЭ зерттеді. Ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарын 1985 және 2000 жылдары «Казреставрация» РМК және «Кызылордареставрация» РМК жүргізді. Сонымен бірге нысан туралы толығырақ Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайттан (www.virtualmap.xyz) қарауға. болады. Сондай-ақ, нысан туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында QR-код орнатылды.
Сипаттамасы: Ескерткішті 1960 жылы ХАЭЭ (С.П.Толстов) ашып, зерттеген. Мазар ғимараты жоспарында шаршы пішінді, жақтарының ұзындығы шамамен 10 м. қабырғалары күйдірілген кірпіштерден (27х27х4,5 см және 23,5х12,5х4,5 см) қаланған, төбесі күмбезді. Мазардың бұрыштары пилястрлы болып келген, кірпіштерден дөңгелек түрінде өрілген олардың диаметрлері 40 см шамасында. Кіреберісі жебе тәрізді аркамен көмкерілген, қабырғаларында қуыстар бар, сылағында өрнектің іздері сақталған. Кесене «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген.
Сырлытам кесенесі іргетасы жоқ, күйдірілген кірпіштен салынған бір камералы порталды-күмбезді құрылыс. Бекіністен оңтүстік-батысқа қарай 250 м жерде орналасқан. Жоспарында шаршы пішінді. Төрттіктен сегіздікке өту тромптардың көмегімен жүзеге асырылады. Шарлы-конусты конфигурациядағы биік күмбез дөңгелек барабандаға тұрғызылған. Портал да ауқымды, күйдірген саздан істелген ойма тақталары бар П-тәріздес белбеулермен безендірілген және екі қапталдан қос үштөрттік бағанамен қорғалған. Мазардың бұрыш-бұрышында кірпіштен диаметрі шамамен 40 см болатын дөңгелек пилястрлер қаланған. Мазарға оқ тәрізді аркасы бар есік апарады; қабырғасында ғанышты сылақта - әшекейлеу іздері орналасқан.Порталдың орталық бөлігінде терең оқ тәрізді қуыс орналасқан, оның түбінде кіретін есік орнатылған. Кесене негізгі қасбетімен солтүстік-шығысқа бағдарланған. Ішінде тоғыз қабір – солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағдарланған, екі қатар болып орналасқан сағана бар.Сырлытам кесенесі осы өңірдегі XIII ғасырға тән діни құрылыстардың қатарына жатады. Оның құрылысына өлшемдері: 28x13x6, 28x28x5, 27x27x6 см болатын кірпіштер пайдаланылған. Қалау сазды ерітіндімен жүргізілген. Жоспарында өлшемдері 9,80x9,50 м. Порталдың биіктігі -10 м.