Сығанақ қалашығы. Х-ХVІІІ ғасырлар

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай 2 км.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 27.07.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Тарихы: Ұлы Жібек жолы бойындағы саудасы мен қолөнер кәсібі дамыған атақты қалалардың бірі – Сығанақ қалашығы. Қазақ халқының тарихында Сығанақ қалашығы ерекше орын алады. Сығанақ қаласының атауы Х ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшыларының (Мұхаммед  Джувейни, Махмұд Қашқари, Фазлаллах ибн  Рузбихан, Әбу Шама әл-Мақдиси) жазбаларында кездеседі. Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала ХІ-ХІІІ ғғ. Қыпшақ хандығының, ХІІІ-ХІҮ ғғ. Ақ Орданың, ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткізген қала ХҮІІІ ғасырға дейін өмір сүргені мәлім. Ал, қазақ хандығы құрылғанда Түркістан қаласымен қатар осы Сығанақ қаласы қазақ жерін басқару орталықтарының біріне айналды. Бұл қала жөнінде тарихи деректер өте көп. Солардың алғашқысы Х ғасырда өмір сүрген араб географы Әл-Мукаддаси еңбегінде  кездеседі. Ол Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Махмұт Қашқаридың   ХІ ғасырда жазылған «Диуани лұғат ат түрік» атты үш томдық еңбегінде «Суғнақ оғыздардың қалаларының бірі» деп жазылған. Сығанақ қаласы XI ғасырда Қыпшақ мемлекетінің саяси әрі мәдени орталығына айналған. Қала тұрғындары суармалы егіншілікпен айналысқан. Сығанақ халқына ауыз су жер асты құбырлары арқылы Сырдария өзенінен келіп тұрған. Шаһар халқы ХІІ ғасырдан бастап ислам дінін қабылдаған кезеңде араб  жазушылары өз еңбектерінде Сығанақ қаласының тұрғындары - қыпшақтар мен қаңлылар және оларды бір-бірінен ажыратып болмайтындығын жазды. Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығандығын аңғартады. Сығанақ қаласы өз заманында мә­дениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі ру­хани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі  ̶  «Хұсрау мен Шырын» поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды. Сондай-ақ,  деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһарлары санатында аталатын дарынды ғұлама Һисамиддин Сығнақидің осы қалада дүниеге келгендігі айтылады. ХІҮ ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда ханы Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырады. Шайбани ханның жылнамашысы Фазлаллах ибн-Рузбихан Исфахани  өзінің «Михман-наме Бухара» атты еңбегінде Дешті даласының атақты хандарының сүйектері Сығанақта жерленіп, қабірінің үстіне кесене тұрғызылғандығын анықтап жазған. Сығанақ қаласы туралы дерек қалдырған А.Ю. Якубовский еңбектерінде жазылғандай Сығанақ базарында Қытай мен Шығыс Түркістаннан, Еуропа мен Кіші Азиядан ірі сауда керуендері жүріп отырады. Тарихшы Мойын ат-дин Натанзидың жазбаларында Ақ Орда хандарының бірі Ерзен Сығанақта көптеген әсем, зәулім ғимараттар салдырған. Археологтардың зерттеуінің нәтижесінде Сығанақтың теңге сарайында XIV ғасырда Ақ Орданы билеген Орыс хан мен Тоқтамыс хандардың есімдері бейнеленген теңге-ақшалар табылып отыр. Сығанақ қалашығы одан соң Қазақ хандығының нығаюына қызмет жасады. Қасым хан тұсында қазақ халқының саны бір миллионға жетті деген деректің кездесуінің өзі қазақ хандығының Сығанақ секілді Сыр бойындағы қалаларды бағындыруымен байланыстырылады. Қанша кезең өтсе де Сығанақ қаласы туралы тарихи деректер маңызын жойған емес. Сығанақ қаласын бүгінгі таңда археолог ғалымдар зерттеп, тарихын қайта саралап жатқандығын айта кетуіміз керек. Сығанақ қаласы қазақ тарихында ерекше орын алатын киелі жерлердің бірі. Қазақ халқының ұлт болып сақталуында қанша қала жойылып, қанша қалалар гүлденді. Сондықтанда бұл қаланы қазақ халқы әрдайым жадынан шығарған емес.

Жазба-әңгімелер бойынша:

Әбілғазының жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді. Оның тұрғындары Кедейдің елшісі Хасан-Қажыны өлтіріп, моңғолдармен барынша қарсыласты» деп жазылған. Әбілғазы баһадүр деректерінде айтылғандай, Сығанақ қаласы Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханмен бес күн шайқасқан қалалардың бірі. Ол туралы халық арасында «Сығанақ апаты» деген атпен әлі күнге естелік әңгімелер сақталған. Бұл әңгіме желісі ортағасырлық жазбаларда да жолығады. Әңгіме желісінде: Жошы хан Сығанақ шахарына келгенде Сығанақ халқы қамалға кіріп ұрысқа дайындалады. Сонда Жошы хан Хасан деген мұсылман қажыны салық алу үшін насихат жұмыстарымен шахарға жібереді. Қамал ішіндегілер алым салық төлеп тұруға келіспей Хасан қажыны өлтіреді. Бұл әрекетті естіген Жошыхан қаланы қоршауға бұйрық береді. Осылайша Сығанақ қаласы Жошыхан қоршауынан соң отқа оранып, қала жеңіліске ұшырады. Ал Жошы хан болса одан әрі Сыр бойындағы Асанас, Жент қаласына жүріп кетті деп баяндалады. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Қала 982 жылы түзілген «Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары» атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен алғаш белгілі болды. ХІІ-ХІІІ ғасырларды өмір сүрген Хиссамуддин әл-Сығанақидың «Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай" деген жыр жолдары Сығанақ қаласының сол дәуірде гүлденген, дамыған қала екендігін дәлелдеп тұрғандай. Үзінді келтірілген жырда қаланың атақты екендігі, бұл жерден Дешті Қыпшаққа қарай жол болғандығы, одан қалаға қымбат бағалы бұйымдар келетіндігі, не келсе де алдымен осы қалаға келетіндігі жырланады. Ал, қаланың Түркістан қаласы мен Дешті Қыпшақ арасында орналасқан, шекаралық қала екендігі, тұрғындарының тыныштықта қауіпсіз бейбіт өмір сүріп жатқандығы суреттеледі. Қала ғұлама ғалымдар тұратын ғылым ордасы еді деп Хисамуддин армандайды. Сонымен бірге, ғалымның қалада мешіт-медреселер салдырып, діни ғылым-білімге таратқаны туралы да айтады.

Зерттелуі: ХІХ-ХХ ғасырларда қала орнын алғаш П.И.Лерх, Е.А.Смирнов, В.А.Каллаур, т.б. орыс ғалымдары зерттеді. Өткен ғасырдың 70- жылдары К.Ақышев, К.Байпақов сынды отандық археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сығанақтың Дешті-Қыпшақ даласындағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала саналатындығы жөнінде ғылыми тұжырым жасаған. Қалашыққа кешенді қазба жұмыстары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталып, 2003-2013 жылдары аралығында республикалық бюджет есебінен жүргізілді. Бұл жылдары қаланың маңызды деген нысандары: солтүстік-шығыс қақпасы, қорғаныс қабырғалары, метіш-медресе және жерлеу орындары ашылды. Ашылған құрылыс орындарына реставрациялық жұмыстар жүргізілді.

2014 жылдан бастап Сығанақ қаласының тарихи орнында облыстық бюджет есебінен жүргізілген кешенді қазба жұмыстары бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып отыр.  

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Сығанақ қалашығында туризмді кеңінен дамыту мақсатында  2018-2020 жылдары оны зертеуге, қайтажаңғыртуға, музейлендіруге бағытталған кешенді жұмыстар аясында 2018 жылы қалашықтың солтүстік шығыс қақпасына, қорғаныс қабырғаларына, орталық көшесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Археологиялық және қайтажаңғырту жұмыстар алдағы жылдары жалғастырылатын  болады.

Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.

Қалашықтың қорғау аймағы – 309,6 гектар, қорғалатын табиғат ландшафты аймағы – 739,6 гектарды құрайды.

2018 жылы қалашықтың аумағы қоршалды және инфрақұрылымы толық жасақталған. Сондай-ақ, қаланың мәдениеті мен тарихын сипаттайтын стела орнатылды. Стеланың биіктігі 8 метр, тұтас граниттен қашалып жасалған. Қаланың кіре-беріс қақпасының алдына жаңартылған қорғау тақтасы, толық ақпарат алу үшін «QR-код» тақтайшасы және ақпараттық стенд орнатылды.

Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасы арқылы Сығанақ қалашығының 3 D форматындағы бейнесімен танысуға болады.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Баланды ІІ кесенесі. б.з.д. VІ-ІІ ғасырлар
2 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, депутаттар кеңесінің ғимараты, қазіргі – Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музей ғимараты,ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
3 / 5
Сауысқандық петроглифтері, қола, ерте темір дәуірлері
4 / 5
Шіркеу, қазіргі - теміржолшылар клубы ғимараты, 1904 жыл
5 / 5
Қорасан ата кесенесі, ХІХ ғасырдың аяғы

Ақпарат

    Записей не найдено.