Қожан қожа кесенесі, ХVІІІ ғасыр
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылынан солтүстікке қарай 15 км.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.09.2018
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Қожан қожа Мәді Қожаұлы Сыр бойында шамамен 1680-1755 жылдары өмір кешкен. Қожан қожа өзінен кейінгі тетелес бауырлары – Қылыш қожа, Пірзада қожа және Бақ-Мұхаммед қожалар да алты алашқа аттары танымал. Қожан қожа Орталық Азияға әйгілі ілім орталықтары – Самархан мен Бұхара шаһарларындағы дін медреселерінде оқып, алғашқы діни білім алып шығады. Осы ізгі де айқын мақсат жетегімен Сирияның Дамаск шаһарында білімін одан әрі жетілдіреді. Қажы Мәді (Диуана) қожаның осы үш кереметі Қожан қожаға әкесінен мұраға қалған екен деген ескіден қалған сөз бар. Қожжан қожа бабамыздың өзінен басқа дін иелерінен тағы да бірер ерекшеліктері – оның дін ғұламасы болуымен қатар, көріпкел әулиелік және емшілік атақпен көпке танымал болуында. Қожан қожа қабір үсті ескерткіші солардың ең үлкені, ол камераның түкпірінде орналасқан, одан әрі қарай оның ұлдары Қылыш және Қожакеленнің қабірлері, оңтүстік-шығыс қабырғаның жанына Болат қожаның басы жерленген. Аңыздың басқа нұсқасында Қожан қожа мен Қылыш қожа егіз болған, оларды қылышпен айырып алған, содан Қылыш есімі шыққан. Кесенеден бір жарым метр жерде тағы бір сағана орналасқан, онда Қожан қожаның кіші ұлы Сейіт батыр жатыр. Қожан қожа (руы қожа қорасан) – әйгілі Қорасан атаның ұрпағы. Аңыз бойынша, кесенені қарақалпақтар, әулиенің шешесі жағынан туыстары салған.
Сипаттамасы: Ескерткіш көптеген мемориалды ескерткіштер-қам кесектерден тұрғызылған қабір үсті ескерткіштерінен, қоршаулардан, сондай-ақ кесенелерден тұратын үлкен қорымда орналасқан. Кесененің алдында аймақтағы жер өңдеу мәдениетінің жоғары деңгейде болғандығын көрсететін көне канал бар. Кесене шаршы пішінді кірпіштерден (24/25х24/25х5 см, 10 қатар+10 жым=0,70 м) тұрғызылған, жоспарындағы өлшемі-6,20х7,75 м, биіктігі-5,40 м. кесене-айванды-күмбезді. Кіреберісі екі қабырға түріндегі айван іспетті, үсті сырықты-кірпішті жабындымен жабылған. Айван жоспарында шаршы пішінді болып келген негізгі аумақтың қабырғасына (ағаш есікті кіреберіс ойығы бар) оңтүстік-батыстан жалғасқан. Кесененің негізгі аумағы күмбез асты барабанында тұрған күмбезбен көмкерілген. Барабан жоспарында бұрыштары дөңгеленіп шаршы тәрізді болып келген. Оның жоғарғы қиығы күмбез негізінен кеңдеу болып келген: соның салдарынан кертпішті сұлба құралған. Күмбездің өзі пирамида іспетті, төменгі бөлігі бір-бірінен алшақ тұрған, қаландыдан шығыңқы кірпіштер қатарынан тұрады. Кесене камерасы жоспарында шаршы пішінді болып келген, шаршы негізінен күмбезге дейінгі өтпелік шамамен кіреберіс ойықтың жоғарғы жағынан басталатын қатарлардан тұрады. Ішкі жағынан сыланбағандықтан, шаршы пішіннен дөңгелек пішінге өту анық байқалады. Солтүстік-батыс қабырғада, адам бойындай биіктікте кішкентай қуыс салынған. Кесененің сырты да, іші де сыланбаған, тек айванның ішкі қабырғалары ғана сыланған. Қабірханада солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай үш сағана бар.
Кесене «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.