Шірік-рабат қалашығы, б.з.д. V-ІІ ғ.ғ.
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 км.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.09.2018
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Шірік Рабат қалашығы - Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі. Қалашық оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Жібек Жолы бойында орналасқан. Сонымен қатар, Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған. Қалашықты алғаш зерттеушілердің бірі С.П.Толстов Шірік-Рабат қаласын ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Женд жолының бойында, Жендтен 20 фарсах (120 км) жерде орын тепкен Саг-дере мекенімен байланыстырады. Саг-дере - түркі-иран сөздерінің тіркесі, мағынасы «оң аңғар, оң жақ алап» деген мағына береді. Қалашықта үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған, ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді.
Сипаттамасы: Қалашықты алғаш рет 1946-1960 жылдары С.П. Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. 2004-2011 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен Ә. Марғұлан атындағы археология институты (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) қазба жұмыстарын жүргізген. 2014-2017 жылдары облыстық бюджет есебінен қазба жұмыстарын «Антик» ЖШС-і археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген (жетекшісі Ж. Құрманқұлов). 2014-2017 жылдары қазба барысында ғибадатхана, жерлеу орындары және қорғаныс қабырғалары аршылып, сақ дәуірінің діни-ғұрыптық дәстүрінен хабар беретін маңызды деректер алынды. Ерте темір дәуірі кезеңімен мерзімделетін 1500-ға жуық заттай экспонаттар табылып, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына өткізілген. Археологиялық зерттеу жұмыстарының ғылыми есебі облыстық мемлекеттік архив қорында сақтаулы. Қалашық «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген.