Бәбіш-Мола ескерткіштер кешені, б.з.д. ІV-ІІ ғасырлар
Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 км.
Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.09.2018
Құжаттама: жүктеп алу
Жалпы ақпарат:
Тарихы: Сыр өңіріндегі сақтар отырықшы әрі қалалық өркениетті жақсы меңгерген, егін егіп, бау-бақша өсіріп, қала салған. Бұған Сырдария бойында біздің заманымызға дейін ІҮ-ІІ ғғ. өмір сүрген ірі қалашықтардың бірі Бәбіш мола ескерткіштер кешені дәлел бола алады. Бәбіш мола қаласы Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының оң жағалауында, рухани-әкімшілік орталығы болған Шірік-рабат қаласынан солтүстік-шығыста орналасқан. Қаланың суландыру жүйесі жақсы дамыған. Жаңадария арнасы Аққыр тауынан төмен қарай бірнеше тармаққа бөлінген. Жергілікті халық олардан каналдар мен арықтар тартып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отырған. Каналдарды жағалай егін шаруашылығымен айналысқан ауылдар мекендеген. Бәбіш-мола қалашығы - «Үлкен үй» жоспары кірер есіктен басталып, екі көлемді мұнаралармен жиектелінетін өсті анфиладты ғимаратымен ерекшелінеді. Үйдің шығыс бөлігінен аршылған жоспары мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бұл кешеннің жоспарлану принципі ахеменидтік архитектураға тән. Мұндай құрылыстарды салу Ахеменидтер державасының күйреуі алдындағы солтүстік шеттегі сатраптықтарда жүзеге асқан болатын. Тек Сырдарияның төменгі ағысындағы аумақ Ахеменидтер державасы құрамына енгеннен кейін ғана, мұндағы б.з.б. ІV ғасырда шикі кірпіштен соғылған монументтік құрылыстарды, керамика кешендерде осы бағытта байланыстыруға болады, олар Орта Азия оңтүстік аудандарынан (Соғды, Парфия, бәлкім Бактрия), Ахеменидтер державасының шығыстағы егіншілікпен айналысатын шеткі облыстарынан табылған заттарға ұқсас болып келеді. Бәбіш мола қалашығы тоғыз жол тораптың бойында орналасқандықтан басқа аймақтармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалада қолөнершілер мен ұсталар керамикалық ыдыстар, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдерін, алтын мен күмістен теңдесі жоқ әшекей заттар жасаған. Бұған қалашық орнынан табылған археологиялық бұйымдар: керамикалық ыдыстар, моншақтар, жебенің ұштары т.б. айғақ бола алады.
Сипаттамасы: Қалашықты 1946-1960 ж.ж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. 2018 жылдан бастап облыстық бюджет есебінен кешенді қазба жұмыстары («Антик» ЖШС, жетекшісі Ж. Құрманқұлов) жүргізілуде. 2018-2020 жылдары ежелгі сақ дәуірінің ескерткішінде салынған қазба жұмыстары барысында монументалды ғимарат орны, қыш күйдіретін пештердің орны, жерлеу орындары аршылып, маңызды нысандарға жауын-шашыннан қорғайтын жабындылар орнатылды. Б.з.д ІҮ-ІІ ғасырларға тән алтын жапсырмалар, моншақтар, сүйектен жасалған бұйымдар, керамикалық ыдыстар, жалпы саны 500 заттай экспонаттар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізілді. Ескерткіш «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне және Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген.