Асанас кесенесі, ХVІІ ғасыр

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылынан батысқа қарай 15 км.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.09.2018

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Тарихы:: Асанас ата - қарақалпақ, жергілікті танымал (әулие) Қожан қожаның нағашы атасы, аңыз бойынша кесенеде оның немересі (қыз бала) жерленген, ал ескерткіштің өзін қарақалпақтар тұрғызған.Кесене туралы алғашқы деректер Асанас қалашығын сипаттап жазған В.А.Каллаурдың жазбаларында кездеседі.Асанас кесенесі туралы тарихи деректер 2006 жылы авторлары Ж. Жонтаева мен Ш. Абдибаев болып табылатын «Сыр елінің мәдени мұралары» еңбегінде жарияланды.2005-2007, 2008-2011 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кесенені Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының барлау экспедициясы (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) зерттеді. Ол тізімге алынып, «Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы» кітабына енгізілді.Ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарын 1989 және 2000 жылдары «Казреставрация» РМК және «Кызылордареставрация» РМК жүргізді.Аңыз: Мәді (Маһди) - Диуана қожа, деректерге қарағанда, өте киелі әулие болған, бірнеше мәрте қажылыққа барған. «Диуана» – араб сөзі. Қазақшаға аударғанда «ақылды адам» дегенді білдіреді. Сол қажылық сапарының бірінде жаяу бара жатып, жолай Қарақалпақ елінде бір ауқатты адамның үйінде құдайы қонақ болады. Үй иелері немқұрайлы карап, дәлізден орын береді. Түнде үй иесі жарқыраған сәуледен оянып кетеді. Қонақтың үстінен шашыраған нұр сәулені көріп, дереу кемпірін оятады. Қонағының тегін адам еместігін түсініп, екеуі таң атқанша ойлана келе, оған жалғыз қызын беруді ұйғарады. Таңертең бұл ойларын ұлдарына айтады. Ұлдары ата-анасының бұл шешіміне келіспейді, олар: «Қаңғып жүрген адамға айдай қарындасымызды беремін дейсіңдер, екеуің де алжығансыңдар»,-дейді. Осыдан кейін қонақтың көзін құртпақ болады. Мылтықпен бірнеше рет атса да, қонақың бойына оқ дарымайды. Мұны көрген қонақ алтауын да өзінің рухымен жарақаттайды. Табанда бәрі жан тапсырады. Кейін үй иелерін аяп: «Алты ұлыңды тірілтейін бе? Әлде Алладан соларға татырлық бір ұл тілейін бе?», – депті. Сонда олар: «Шырағым, болар іс болды. Ақымақтығы өздеріне сор болды. Енді бәріне татитын ұл бер»,- депті. Қонақтың тілегін Жаратқан қабыл алып, расымен де алтауына татырлық ұл туады. Ол батыр да, ақылды болыпты. Бұл – Асанас бабамыз еді. Үй иелері қызын Мәді қожаға қосады. Сол жерде 2-3 айдай аялдап, онан соң қажылық сапарын жалғастырған екен. Сонымен бірге нысан туралы толығырақ Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайттан (www.virtualmap.xyz) қарауға. болады. Сондай-ақ, нысан туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында QR-код орнатылды.

Сипаттамасы: Асанас кесенесі іргетасы жоқ, күйдірілген кірпіштен салынған бір камералы порталды-күмбезді құрылыс. Қалау ерітіндісі ретінде сазды ерітінді пайдаланылған. Жоспарында ішкі жағынан шаршы пішінді. Оның әрбір жағын аркалы қуыстар әсемдейді. Төрттіктен сегіздікке өту тромптардың көмегімен жүзеге асырылады. Ескерткіштің қабырғалары аздап ішкі жағына қарай көлбеу, бірақ жасауланбаған. Ескерткіштің периметрін бойлай еденнен аз ғана биік деңгейде қаламаны тұздан қорғауға арналған екі қабат қамыс төсем төселген. Шарлы-конусты конфигурациядағы күмбез дөңгелек барабандаға тұрғызылған. Күмбездің үстінде жерлеу залын жарықтандырып тұратын терезе бар. Кесенесінің негізгі қасбеті қалпына келтіру жұмыстарына дейін қатты бұзылған болды, күмбездің бір бөлігінің құлауы салдарынан қабырға қаламасы жарықшақтанған, қазіргі уақытта кесенеде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Портал П-тәріздес белбеулермен безендірілген. Порталдың орталық бөлігінде терең оқ тәрізді қуыс орналасқан, оның түбінде кіретін есік орнатылған. Кесене негізгі қасбетімен оңтүстік-батысқа бағдарланған.Камера қабырғаларының ортасында жебе кескінді аркалы үлкен қуыстар бар. Олардан жоғары троиптардың айқын белдеуі орналасқан, оның деңгейінде күмбез асты сегізқыр жатыр, сегіз қырлылықтың әрбір қырында да жебе кескінді аркалы қуыстар бар. Аркалы тромптардың қуыстары камера бұрыштарынан шығып тұрған үш сатылы кірпіш сталактиттерге тірелген қаландылармен толтырылған. Тромптар белдеуінен күмбез негізінің шеңберіне өту төменгі қатарларының шығарылуы есебінен жүзеге асырылған. Камераның еденіне күйдірілген кірпіш төселген. Іш жағы сыланбаған. Жөндеу жұмыстары кезінде камераға қалыңдықтың бас киімі - сәукелесі бар қабір үсті ескерткіші қойылған.Жалпы өлшемдері жоспарында - 8,82x7,12 м. Күмбезді бөлігінің биіктігі - 6,8 м. Қабырғаларының қалыңдығы – 1,2 м.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Ақтас мешіті, 1884 жыл
2 / 5
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы. Жақаев мүсіні, 1975 жыл
3 / 5
Жетіасар ІІІ (Алтынасар) қалашығы, б. з. д. І мыңжылдықтың соңы- б. з. ІV-V ғасырлар
4 / 5
Шіркеу, қазіргі - теміржолшылар клубы ғимараты, 1904 жыл
5 / 5
Бегім ана мұнарасы, ІХ-ХІ ғасырлар

Ақпарат

    Записей не найдено.